Акустика дыбыстардағы төмендегідей белгілерді ажыратады:

⦁ дыбыс ырғағы,
⦁ дыбыс күші,
⦁ дыбыс әуені,
⦁ дыбыстың созылыңқылығы.

1. Дыбыс ырғағы белгілі бір уақыт мөлшері (1 сек.) ішіндегі жиілік (16 Гц. – 20000 Гц. аралығында) саны. Жиілік саны неғұрлым көбейе берсе, дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді, керісінше, жиілік саны азайған сайын дыбыстың ырғағы солғындап әлсірей береді. Сөйлеу тілінде айтылатын дыбыстардың ырғағы фразалардың түрлеріне және олардың эмоциялық бояуы мен экспрессивті қызметінеқарай өзгеріп отырады. Дыбыс ырғағының өзгеруі екпінге қатысты құбылыстарда (интонация, мелодика т.б.) айрықша маңызды қызмет атқарады.

2. Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің амплитудасы (амплитуда – латын тілінің amplitude «кеңдік», «көлемділік» деген мағынадағы сөзінен алынған), яғни қарқыны, неғұрлым көбейе түссе, дыбыс күші де соғұрлым ұлғайып, күшейе береді.
Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен, қарым-қатынасқа түседі. Дыбыс күшінің динамикалық екпінге ие тілдерге қатысы, атқаратын қызметі басым болады.


3. Дыбыс әуені. Дыбыс толқынын тудыратын дірілдің қозғалысы негізгі тон мен бірнеше көмекші тонның қосындысынан жасалады. Көмекші тон – обертон (неміс тілінің oberton – «жоғары тон» деген сөзінен алынған) деп аталады. Дыбыстың әуені осы аталған обертондардың санына және олардың дыбыс ырғағы, дыбыс күші жағынан негізгі тонмен арақатысына байланысты болады.
Дыбыстың ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері бар. Егер, дірілдің саны уақыт бірлігінің бойында (1 сек. ішінде) өзгермей, тұрақты болып қалса, ондай діріл ритмикалы (біркелкі) діріл деп аталады. Ал, егер уақыт бірлігі бойында дірілдің саны өзгеретін болса, ондай діріл ритмикалы емес (біркелкі емес) діріл деп аталады.

4. Дыбыстың созылыңқылығы дірілдің санымен қоса дыбыстың созылу уақытына (ұзақ не қысқа болуына) байланысты.

ЕКПІН
Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы. Түркі тілдерінде екпіннің қызметін сингармонизм атқарады. Қазақ тіліндегі екпін тұрақты, көбіне соңғы буындармен байлаулы болады. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі екпін сөз мағынасын айқындап, саралап, дәлелдеп тұрады.

Екпіннің екі түрі бар (қазақ тілінде):
⦁ бірі – негізгі;
⦁ екіншісі – көмекші екпін деп аталады.
1. Негізгі екпін сөздің соңғы буынына түссе,
2. Көмекші екпін қосымшалы сөздің түбірінің ең соңғы буынына түседі. Мәселен: шеге, кереге, орақ, балға, балта сөздеріне қосымшаларды жалғағанда шегелер, керегелер, орақшылар, балташылар дегендерде негізгі екпін соңғы буынға көшеді де, түбірдегі екпіннің орны көмекшілік қызметті атқарады.

Екпін түспейтін буындар
1. Жіктік жалғауына.Мысалы: оқушымыз, барамыз.
2. Болымсыз етістіктің жұрнағына.Мысалы: ағашты жарма, сен оған айтпа.
3. Шылау сөздерге.Мысалы: үй де, мал да – бәрі де аман.
4. Көмекші сөздерге. Мысалы: мен ғой кеңседе болдым, үйге шейін атпен келдім.